Маңғыстауда сұйытылған газ мәселесі талқыланды

Маңғыстауда сұйытылған газ мәселесі талқыланды

15 қазан күні Маңғыстау облысының әкімдігінде өңірдегі сұйытылған мұнай газының (СМГ) айналымы мен қамтамасыз етілу мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Кеңеске қала және аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Жиын тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаевтың мәліметінше, Маңғыстау — ел бойынша сұйытылған мұнай газын ең көп тұтынатын өңірлердің бірі. Ай сайынғы қажеттілік шамамен 18 мың тоннаны құрайды. Оның негізгі бөлігі «ҚазГӨЗ» зауыты арқылы жеткізілсе, қалған көлем бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытынан (АМӨЗ) қамтамасыз етіліп келген.

Алайда қазан айында АМӨЗ-дің жоспарлы жөндеуге жабылуына байланысты облысқа қажетті 3658 тонна газ Ақтөбедегі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» зауытынан вагон арқылы тасымалдануда. Логистикалық бағыттың өзгеруі өнімнің кешігіп жетуіне және кейбір автогаз құю станцияларында кезектің пайда болуына әсер еткен.

Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқарма басшысы Пікір Сансызбаевтың айтуынша, газ тапшылығына тек жеткізілімнің кешігуі емес, кейбір кәсіпкерлердің жауапсыз әрекеттері де себеп болып отыр.

– Кей кәсіпкерлер өздеріне бөлінген газды бекітілген станцияларға жеткізбей, өзге өңірлерге сатқан жағдайлар анықталды. Сондай-ақ, кейбір жаңа бекеттер ай сайынғы көлемді ұлғайту мақсатында тіркеліп, шын мәнінде газды басқа нүктелер арқылы өткізген. Бұл тұрғындар арасында наразылық туғызып, әлеуметтік шиеленіс қаупін арттыруы мүмкін. Әр литр газдың қайда бағытталғанын толық тексереміз, – деді басқарма басшысы.

2025 жылдың IV тоқсанындағы дерек бойынша, өңірде автогаз құю станцияларының саны өткен жылмен салыстырғанда 462-ден 552-ге дейін артқан. Жаңадан ашылған кейбір бекеттер ай сайынғы көлемді ұлғайту үшін тіркеліп, шын мәнінде газды басқа АГҚС арқылы сатып жатыр. Мысалы, Бейнеудегі бірқатар кәсіпкерлер 1500 тоннадан астам газ алып, оны мүлде басқа бекет арқылы сатқан.

Пікір Сансызбаевтың айтуынша Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталып, 1 қарашадан бастап сұйытылған мұнай газының жеткізілімі толық қалыпқа келуі күтілуде.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі