Ақтауда «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының үздіктері анықталды

Ақтауда «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының үздіктері анықталды
7 қазан күні Ақтау қаласында отбасы құндылықтарын ұлықтауға арналған «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетіп, бірлігі мен берекесі жарасқан жанұялар марапатталды.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2013 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқау отбасы институтын нығайтып, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыруға бағытталған.

Биылғы додада өңірдің әр түкпірінен 62 отбасы бақ сынап, соның ішінде 14-і облыстық кезеңге жолдама алған. Үздіктердің ішінен топ жарған Түпқараған ауданынан Шолтамановтар отбасы І орынды иеленсе, ІІ орын Мұнайлы ауданының Кисановтар отбасына, ал ІІІ орын Маңғыстау ауданындағы Алтыбаевтар шаңырағына бұйырды. Тағы 11 отбасыға «Лауреат» атағы табысталды.

Салтанатты рәсімде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов сөз сөйлеп, байқаудың ұлттық құндылықтарды ұрпаққа насихаттаудағы маңызды рөлін атап өтті.

–Отан отбасынан басталады. Мемлекет басшысы әрдайым отбасы құндылықтарына баса назар аударады. Облысымызда бүгінде 39 мыңнан астам көпбалалы отбасы өмір сүреді. Оның ішінде 14 мыңнан астам күміс және алтын алқа иегерлері бар. «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауына қатысқан әр отбасыға алдымен өңір басшысы Нұрдәулет Игілікұлының атынан ризашылығымды білдіремін. Асқар тау әкелеріміз, аяулы аналарымыз аман болсын. Әр шаңыраққа бақ-береке, амандық тілеймін. Балаларыңыз тек отбасыңыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы болғай, – деді Асхат Оралов.

Айта кетейік, байқаудың облыстық кезеңінде топ жарған Шолтамановтар отбасы енді өңір намысын республикалық деңгейде қорғайды. Олар 22 қазан күні Астана қаласында өтетін марапаттау рәсімінде Маңғыстаудың атынан бақ сынайды.

Салтанатты іс-шара мерекелік концертке жалғасты.