Маңғыстауда өңірлік Ассамблея мүшелерінің кездесуі өтті

Маңғыстауда өңірлік Ассамблея мүшелерінің кездесуі өтті

Бүгін, 6 қазан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік мүшелерімен кездесу өтті. Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің өкілдері, Этномедиаторлар, Ассамблея жастары және қоғам белсенділері қатысты.

Кездесуде өңірдегі қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау бағытындағы өзекті мәселелер мен жаңа бастамалар талқыланды. Қатысушылар Ақсақалдар мен Аналар кеңестері, «Жомарт жан» және Ассамблея жастары орталығының жұмысы туралы баяндады. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру және этносаралық қатынастарды нығайту мәселелері қаралды.

Маңғыстау облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Амангүл Джайлханова кеңестің қызметі туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, бүгінде өңірде облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейде 43 аналар кеңесі жұмыс істейді. Кеңес құрамында 298 мүше бар, олардың қатарында қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, педагогтер, дәрігерлер, журналистер және жастар бар.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Ассамблеяның ел бірлігін нығайтудағы рөліне тоқталып, түрлі этностарды ортақ мақсатқа біріктіру ісіндегі ұйымның маңызын атап өтті.

– Ассамблея – татулық пен келісімнің, өзара құрмет пен сенімнің нақты институты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі кездесу – достық пен сенімнің айғағы. Бұл басқосу бізге жаңа серпін, жаңа мақсаттар мен ортақ мүдде жолында бірлесе жұмыс істеуге тың мүмкіндік береді деп сенемін, – деді өңір басшысы.

Кездесу соңында қатысушылар алдағы кезеңге арналған бірлескен іс жоспарын қабылдап, Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар енгізді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі