Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының бас имамы Ануар Елжанов және бір топ ақсақалдар Бекет атаның 270 жылдығы аясында Оғландыдағы Бекет ата мешітіне барып зиярат етті.
Сапар барысында Бекет атаға баратын жолдың құрылысы жөнінде «Ақжол құрылыс» компаниясының өкілі баяндады. Ата жолының құрылысы 2017 жылы басталып, екі кезеңмен жүргізіліп 2020 жылдың тамыз айында аяқталған. Төселген 97 шақырым жол 4-ші санатты жолға яғни халықаралық стандартқа сай жасалған.
Дәстүр бойынша, ауыл ақсақалдары алдымен Бекет атаның тәлімгері Шопан ата мешітіне аяқ басып, кейін Бекет Атаның өзіне барады. Екі мешіт арасындағы қашықтық 70 шақырым. Шопан-Ата Мешіті-Қызылсу жерінде орналасқан көне ескерткіштердің бірі. Мешіт жартас алқабынан ойылып жасалып, ғибадат орталығы ретінде пайдаланылған. Ескерткіш 12 бөлмеден тұрады. Әрбір бөлменің өзіндік мәні бар. Бүгінде онда реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, ауыз су тартылған.
Үстірт қыратының шекарасында орналасқан Бекет Ата мешітіне барған ауыл үлкендері қазақтың батыры ағартушы, сәулетші Бекет Мырзағұлұлы туралы естеліктер айтып, елдегі жағдай түзелгеннен кейін өз деңгейінде аталып өтетінін айтты.
Маңғыстау облысының бас имамы Ануар Елжанов Пір Бекет Атаның 270 жылдық мерейтойын пандемяға байланысты кейінге шегерілгенін айтады.
«Бекет Атаның 270 жылдығы өте мағызды дата. Әлемде орын алған жағдайға байланысты аталып өту кейінге қалдырылып отыр. Атамыздың жан -жақты қарларын және ерекше қасиеттерін насихаттау мақсатында алдағы аптада Ш.Есенов атындағы университетте онлайн конференция ұйымдастырылып жатыр»,-деді бас имам.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.