Ақтау қаласында тұңғыш рет түркі халықтарының «Қорқыт ата» кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали, сондай-ақ Әзербайжан, Түркия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия мен Қазақстаннан 250-ден астам өнер майталмандары қатысты.
Әлемдік өнер жұлдыздары қызыл кілеммен жүріп өтіп, кинофестивалдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Кейін қонақтар фестивальдің алғашқы фильм көрсетіліміне қатысып, кешкі мәдени бағдарламаға атсалысты.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов
түркі халықтарының кинофестивалі Ақтауда өтуі – өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шара бауырлас елдердің мәдени байланысын нығайтып, ортақ рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды алаңға айналып отыр.
– Кино – халықты жақындастыратын, ортақ дүниетаным мен тарихи тамырды байланыстыратын ұлы күш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениет – халықтың рухани тірегі, ал өнер – ұлттың болмысын айқындайтын асыл қазына» деп атап өткен болатын. Бұл фестиваль – сол рухани тіректің жарқын көрінісі, – деді Асхат Оралов.
5 күнге жалғасатын шарада Маңғыстауда кинематографиялық саммит өткізіліп, кино саласының майталмандарымен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылады, тәжірибе алмасады. Аталған шара аясында әртүрлі жанрдағы байқаулық және байқаудан тыс 50-ге жуық фильм тегін көрсетілмек.
Фестивальге отандық жұлдыздармен қатар шетелдік кино майталмандары да қатысады. Олардың қатарында танымал түрік актері Бурак Озчивит бар. Белгілі актерлер өңір тұрғындарымен, жанкүйерлерімен және БАҚ өкілдерімен кездеседі.
Қонақтар Маңғыстау облысының табиғи көрікті жерлері– Бозжыра, Айрақты, Торыш алқабы мен басқа да табиғи орындарға саяхат жасап, өңірдің мәдениетімен жақынырақ танысу мүмкіндігі қарастырылған. Фестивальдің жабылу және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 4 қазанда Ақтау қаласында өтеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі