Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңғыстаулық ұстаз Қуантқан Вановты «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» медалімен марапаттады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтап, ұстаздар қауымына зор құрмет білдірді.
Қуантқан Рзаұлы Ванов – саналы ғұмырының 45 жылын білім саласына арнаған тәжірибелі педагог. 30 жыл бойы Маңғыстау ауданындағы Есір Айшуақұлы атындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ беріп, кейін 18 жыл бойы облыстық мұғалімдер білімін арттыру институтында әдіскер, бөлім басшысы, орталық жетекшісі қызметтерін атқарды.
Ол – Қазақстандағы алғашқы математика оқулықтарының бірі «Математика-5» (1993), «Математика-6» (1994) еңбектерінің авторы. Ұзақ жылдар бойы математиканы оқыту әдістемесін жетілдіріп, жаңа тәсілдер енгізді. Оның жаңашыл тәжірибесі республика көлемінде қолдау тапты.
Сонымен қатар, ұстаз шығармашылықпен де айналысып, көптеген әндердің авторы атанды. Оның «Ұстаздар әні», «Жас ұландар жыры» сияқты әндері бүгінде өңір ұстаздары мен оқушыларының гимніне айналған.
Қуантқан Рзаұлы – Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, түрлі мемлекеттік наградалардың иегері, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы.