30 қыркүйекте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов «China Huadian Overseas Investment Co LTD» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Цю Тяньгеньді қабылдады.
Кездесу барысында Ақтау қаласында қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын (ПГУ) салу жобасының іске асырылу барысы, сондай-ақ өңірге жаңа инвестициялар тарту және ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда жоба аясында бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, жоба бойынша мердігер анықталып, қосалқы жабдықтардың бір бөлігі сатып алынған. Магистральдық газ құбырына қосылу жобасы 85 пайызға орындалып, электр желілері мен санитарлық-өнеркәсіптік инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов жоба өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Бұл станцияның іске қосылуы Маңғыстау облысы үшін стратегиялық қадам болмақ. Біз оның тиімді әрі мерзімінде жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деді Ербол Ізбергенов.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі