Бүгін, 25 қыркүйек күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай спортта дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің құрылыс барысымен танысты.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың олимпиада резервін даярлайтын мектеп-интернаттар мен колледждер еліміздің барлық аймағында болуы тиіс деген тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталған. Ішкі әрлеу жұмыстары толығымен бітіп, электр, су және жылу желілері іске қосылды. Қазір сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Мектеп-интернат колледжге 300-ге жуық дарынды спортшы қабылданады деп күтілуде, олардың ішінде 200 бала интернатта жатып оқиды. Оқу орнында бокс, дзюдо, таэквондо, еркін және грек-рим күресі секцияларымен қатар өзге де спорт түрлері бойынша жаттығу өткізу мүмкіндігі қарастырылған.
Интернатта балалардың толыққанды білім алуы мен жаттығуына жағдай жасалмақ. Онда медициналық қызметкерлер, жеке асхана, жатақхана, мектеп ғимараты және мұғалімдер мен жаттықтырушыларға арналған бөлек жатақхана бар.
«Бұл жоба біздің балаларымыздың спорттағы талантын шыңдауға үлкен мүмкіндік береді. Ертеңгі чемпиондарды тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалуға тиіс. Сондықтан құрылыс сапасына, оқу процесінің ұйымдастырылуына және балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруіміз қажет», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі