Ақтауда әлеуметтік осал топтағы 500 отбасы қоныс тойын тойлады. Бұл – тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтудың жаңа тәсілі аясында жүзеге асқан алғашқы жоба.
Өткен жылы Маңғыстау облысында алғаш рет тұрғын үйді салуды күтпей-ақ, дайын пәтерлерді бюджет қаражаты есебінен сатып алу тәжірибесі енгізілді. Соның арқасында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы 500 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді.
Қоныс иелерінің қуанышымен қатар, қалада құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда жалпы ауданы 32 мың шаршы метрді құрайтын 443 пәтерлі екі көпқабатты үй салынуда. Бұл жоба аяқталған соң, 2026 жылдың соңына дейін қала бойынша шамамен мыңға жуық отбасы баспаналы болмақ.
Сонымен бірге 20-шағынауданда 144 пәтерлі тұрғын үйдің жобалау жұмыстары басталды. Ол 2025-2026 жылдары кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.