Маңғыстауда қысқы маусымға дайындық жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталады

Маңғыстауда қысқы маусымға дайындық жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталады

26 тамыз күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды.

Жиын барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев өңірдегі дайындық жұмыстарының барысы туралы баяндап, қазіргі таңда жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталу сатысында екенін жеткізді.

– Ақтау қаласында жалпы ұзындығы 566 шақырымды құрайтын жылу желілерінің тозу деңгейі бүгінде 79%-ға жеткен. Оның ұзындығы 47,7 шақырым болса, соның 44 шақырымы кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. 2024 жылы 11,5 шақырым желі жаңартылып, биыл тағы 10 шақырымы ауыстырылуда. Қазіргі таңда жұмыс 90%-ға орындалып, мерзімінен бұрын қыркүйек айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр, - деді Бердібек Қартбаев.

Сонымен қатар Ақтаудың 3А, 3Б шағынаудандарында және аурухана қалашығында жалпы ұзындығы 10,2 шақырымды құрайтын ішкі жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта жұмыстардың 91%- ы орындалған. Жоба аяқталғаннан кейін қаладағы жылу жүйесінің тозу деңгейі 75%-ға дейін төмендеп, тұрғындарға жылуды үздіксіз әрі сапалы жеткізу жоспарда.

Айта кетейік, Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында 2025-2026 жылдарға жоспарланған негізгі энергетикалық жабдықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі таңда ЖЭС-2 энергоблогының жөндеуі толық аяқталды. ЖЭО-2 нысанындағы №13 қазандық агрегатындағы жұмыстардың орындалуы 42%, №3 турбинадағы жұмыстар 28% құраса, ЖЭО-1 станциясындағы бойлер қондырғыларында жөндеу жұмыстарының орындалу деңгейі тиісінше 75-80%-ға жетті.

Кеңес қорытындысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты басқарма басшыларына дайындық жұмыстарын сапалы аяқтап, тұрғындарды алдағы жылыту маусымында жылумен үздіксіз және сапалы қамтамасыз етуді тапсырды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі