Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты

Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты

20 тамыз күні, Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Бейнеу ауданында болып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың бүгінгі жағдайымен танысты.

Облыс басшысының сапары Бейнеу ауданы теміржол вокзалының құрылыс барысымен танысудан басталды. Аймақ басшысына нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі мен жобаның негізгі кезеңдері таныстырылып, алдағы жоспарлар туралы баяндалды.

Қазіргі таңда «Бейнеу» теміржол вокзалы арқылы республикалық және халықаралық бағыттарда пойыздар қатынайды. Жаңа вокзал кешені заманауи талаптарға сай салынып, инженерлік желілермен, қауіпсіздік жүйесімен және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімді инфрақұрылыммен толық қамтылады.
Жобаның аясында тек вокзал ғимараты емес, теміржол инфрақұрылымының бірқатар бөліктері де жаңғыртылатын болады. Бұл – көлік логистикасын дамытуға, ауданның транзиттік әлеуетін арттыруға және тұрғындар мен қонақтардың жайлылығы үшін маңызды.

Айта кету керек бұдан бөлек өңірде «Маңғыстау» вокзалы және «Шетпе» вокзалдарында кешенді реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.
Жоспар бойынша құрылыс және реконструкциялау жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айында толық аяқталып, жаңа теміржол вокзалы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сапар барысында облыс әкімі Бейнеу ауылындағы 600 орындық «Келешек мектебінің» құрылысымен де танысты. Құрылысты «СК А-Строй Монтаж» ЖШС жүргізуде. Нысан типтік жоба бойынша салынып, барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жаңа мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек.

Қазіргі уақытта ғимарат құрылысы толық аяқталып, қажетті жиһаз бен құрал-жабдықтар орнатылып жатыр. Мектептің ішкі инфрақұрылымы оқушылардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына лайықталған. Мұнда бейнебақылау камералары, дабыл батырмалары, асхана, акт және спорт залдары, лингафонды-компьютерлік кабинет, STEM-зертханалар, робототехника және хореография кабинеттері, инклюзив және логопед бөлмелері, демалыс аймақтары мен коворкинг алаңдары қарастырылған. Сондай-ақ оқушылардың жеке заттарына арналған шкафтар мен қосымша білім беру бөлмелері бар.

Нұрдәулет Қилыбай екі нысанның да аудан дамуы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, вокзал құрылысының сапалы әрі уақытында аяқталуын тапсырды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі