20 тамыз күні Бейнеу ауданында ерекше күтімді қажет ететін 18 жасқа дейінгі балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды.
Іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің мүшелері, мекеме басшылары, ауыл ақсақалдары және жергілікті тұрғындар қатысты.
Өз сөзінде аймақ басшысы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа орталықта балалар уақытылы, сапалы медициналық көмек алатынына сенім білдірді.
- Мемлекет басшысы ерекше балалар үшін сапалы әрі қолжетімді оңалту қызметін қамтамасыз етуді басым міндеттердің бірі ретінде атап өтеді. Осы мақсатта Бейнеу ауданында заманауи талаптарға сай жаңа орталық ашылып отыр. Мұнда балалар дер кезінде медициналық көмек алып, денсаулығын қалпына келтіруге және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алады. Барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл орталық ата-аналарға да үлкен қолдау болмақ. Енді олар баласын алысқа апармай-ақ, аудан орталығынан сапалы қызмет ала алады. Баршаңызға денсаулық пен отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа орталық жылына 600-ге дейін баланы қабылдап, 14 күндік оңалту курстарын ұйымдастырады. Балаларға әр 2–3 ай сайын үздіксіз ем алу мүмкіндігі беріледі. Ай сайын шамамен 100 балаға дейін қабылдау жоспарланған.
Аумағы 444,5 шаршы метрді құрайтын ғимарат Бейнеу ауылының әкімі тарапынан күрделі жөндеу жүргізіліп, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Қамқорлық қорының» қолдауымен жаңа заманауи жабдықдармен жасақталды.
Орталықта 1 дәрігер, 8 орта буын және 2 кіші медицина қызметкері жұмыс істейді. Сонымен қатар, қызмет көрсететін 10 маман арнайы кәсіби дайындықтан өткен.
«Қамқорлық» орталығы орталық жүйке жүйесі зақымданған, сал ауруы, даун синдромы, бұлшықет дистрофиясы секілді диагнозы бар балаларға оңалту көмегін көрсетеді. Жобаның мақсаты – балаларды ерте кезеңнен оңалтып, олардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету, өмір сапасын жақсарту және мүгедектіктің алдын алу.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі