Нұрдәулет Қилыбай джиу-джитсудан әлем чемпионы Жәнібек Әбу-Бәкірді қабылдады

Нұрдәулет Қилыбай джиу-джитсудан әлем чемпионы Жәнібек Әбу-Бәкірді қабылдады

Бүгін, 18 тамыз күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай XII Дүниежүзілік ойындарда жеңіске жеткен маңғыстаулық спортшы Жәнібек Әбу-Бәкір мен оның жеке бапкерін қабылдады.

Кездесу барысында аймақ басшысы чемпионды тарихи жеңісімен құттықтап, облыс пен ел абыройын асқақтатқан қажырлы еңбегі үшін алғысын білдірді.

– Дүниежүзілік ойындарда үздік нәтиже көрсетіп, облыстың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатуға күш салдыңыз.
Бұл жеңіс – табандылық пен тынымсыз еңбектің жемісі. Алдағы уақытта да жоғары белестерді бағындыруыңызға тілектеспін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Еске сала кетейік, Қытайдың Чэнду қаласында өткен XII Дүниежүзілік ойындарда 69 келі салмақта сынға түскен Жәнібек Әбу-Бәкір джиу-джитсудан финалда қарсыласы Фарид Бен Алиді 12:9 есебімен ұтып, алтын медаль иеленді. Бұл - Қазақстанның осы ойындардағы алғашқы алтын жүлдесі.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі