Маңғыстауда жылыту маусымына дайындық және өрт қауіпсіздігі мәселелері қаралды

Маңғыстауда жылыту маусымына дайындық және өрт қауіпсіздігі мәселелері қаралды

 15 тамызда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық, тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі және өртке қарсы сумен қамтамасыз ету жүйесінің жай-күйі талқыланды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Александр Алексеевтің мәліметінше, өткен жылыту маусымында тұрғын үйлерде 54 өрт тіркелген. Оқиғалар салдарынан бір адам қаза тауып, бір адам жарақат алған. Өрттің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар қызметі 52 мыңнан астам үйді аралап, 170 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сараптама қорытындысы бойынша, өрт, газдан улану және жарылыс жағдайлары көбіне әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлерінде тіркелетіні анықталды.

Кеңесте өртке қарсы су көздері мен гидранттардың техникалық жағдайы да қаралды. Облыста 7214 өрт гидранты бар, оның 6109-ы жұмыс істейді, 1105-і жарамсыз және оның ішіндегі 10 данасының нақты орны анықталмаған. Жиында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тез арада гидранттардың техникалық жағдайын қалыпқа келтіруді, жылыту маусымына дайындықты күшейту және өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.

– Басты міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Барлық жауапты мекемелер дайындық жұмыстарын жеделдетіп, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын бақылауда ұстауы тиіс, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі