Нұрдәулет Қилыбай қытайлық инвесторларды қабылдады

Нұрдәулет Қилыбай қытайлық инвесторларды қабылдады
Бүгін, 13 тамыз күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қытай Халық Республикасының «Чжунъюнь Гоцзи Шие» және «Гою Учань» компаниялар тобының басшысы Юй Боянмен кездесті. Басқосу барысында Құрық аймағына заманауи логистикалық порт салу мәселесі сөз болды.
 
Жобаның басты мақсаты - өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, халықаралық сауда байланыстарын кеңейту. «Чжунъюнь Гоцзи Шие» және «Гою Учань» компаниясы өкілдері жобалаудан бастап құрылыс, ақпараттық жүйелер мен логистикалық инфрақұрылымды дамытуға дейінгі барлық кезеңге қаржы салуға дайын екендіктерін жеткізді.
 
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай стратегиялық маңызды жобаны қолдауға әкімдік толық дайын екенін атап өтті.
 
– Бұл жоба өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, жалпы экономикалық дамуына серпін береді. Біз оның тиімді әрі жедел жүзеге асуына жан-жақты жағдай жасауға әзірміз, - деді облыс әкімі.
 
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі