Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов Бейнеу және Маңғыстау аудандарына жұмыс сапарымен барып аталған жоба аясында салынып жатқан білім ордаларының жұмысымен танысты. Алдымен Ербол Ізбергенов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлыбек Өтеубаев және Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаевпен бірге Бейнеу ауданының Сам және Бейнеу ауылдарында салынып жатқан жаңа мектептерге барды.
Сам ауылында 300 орындық, ал Бейнеу ауылында 900 орындық заманауи мектептер бой көтеруде. Құрылыс жұмыстарын «СК Строй» ЖШС жүргізіп жатыр. Жаңа білім ошақтары типтік жобаға сай салынып, заманауи талаптарға толық сәйкес жабдықталуда. Мектептерде бейнебақылау камералары, дабыл батырмалары, асхана, акт залы, спорт залдары, лингафонды-компьютерлік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника және хореография кабинеттері, инклюзив және логопед кабинеттері, демалыс аймақтары мен коворкинг алаңдары, оқушылардың жеке заттарына арналған шкафтар мен қосымша білім беру бөлмелері қарастырылған.
Ербол Ізбергенов мектептердің құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес сапалы аяқтауды тапсырды. Екі мектептің де құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталып, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауы жоспарлануда.
Сонымен қатар, Ербол Ізбергенов Маңғыстау ауданы Шетпе ауылындағы Қосбұлақ шағын ауданында салынып жатқан 600 орындық жаңа білім ордасының құрылыс барысымен танысты. Мердігер мекеме өкілдерімен бірге құрылыс алаңын аралаған ол нысан сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауда болатынын атап өтті. Жаңа мектеп елді мекендегі білім инфрақұрылымын жақсартып, балаларға заманауи, кең әрі жарық оқу кабинеттерінде сапалы білім алу мүмкіндігін береді. Шетпедегі «Келешек мектебі» келешек ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа форматтағы оқу орны болмақ.