Ербол Ізбергенов Ақтау қаласындағы «Келешек мектептерінің» құрылыс жұмыстарымен танысты

Ербол Ізбергенов Ақтау қаласындағы «Келешек мектептерінің» құрылыс жұмыстарымен танысты

 Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовпен бірге Ақтау қаласындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан білім нысандарының бүгінгі жағдайымен танысты. Ербол Ізбергенов жаңа мектептердің құрылысы мен жабдықталу сапасына оң бағасын беріп, білім беру деңгейін арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

Құрылысы аяқталуға жақын екі мектеп бір ауысымда 1500 оқушыны қабылдауға арналған, ал Рауан елді мекеніндегі мектеп 300 оқушыға шақталған. 20-шағын аудандағы мектептің құрылысын «Оңдасын Строй» ЖШС, 16-шағын аудандағы мектепті «Альянс LTD» ЖШС, Рауан елді мекеніндегі білім ошағын «Құрылыс Инвест Групп» ЖШС жүзеге асыруда.

Оқу нысандары типтік жобаға сәйкес тұрғызылып, барлық заманауи талаптарға сай жабдықталмақ. Мұнда бейнебақылау камералары мен дабыл батырмаларын орнату жоспарда. Оқу процесін ұйымдастыру үшін асхана, акт залы, спорт залдары, лингафонды-компьютерлік кабинет, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография залы, демалыс аймақтары және коворкинг алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар, қосымша білім беру кабинеттері мен оқушылардың жеке заттарын сақтайтын шкафтар да қамтылмақ.

Білім беру нысандарының құрылысымен танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов жұмыстарды сапалы әрі кестеге сәйкес атқаруды міндеттеді.