6 тамыз күні Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов жұмыс сапарымен Жаңаөзен қаласына барды. Іссапар барысында ол қаладағы бірқатар білім беру нысандарын аралап, күрделі жөндеу және жаңа мектеп құрылысымен танысты.
Алдымен Ербол Ізбергенов №3 жалпы білім беретін мектепке барып, күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Аталған нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары 80 пайызға орындалған. Қазіргі таңда 85 инженерлік-техникалық қызметкер мен жұмысшы тартылып, нысанды 2025 жылғы 3 қыркүйекке дейін қолданысқа беру жоспарланған. Жөндеу жұмыстарының мердігері – «АС Құрылыс» ЖШС, ал жобаның техникалық қадағалауын «Аско-Сервис Шетпе» ЖШС жүзеге асыруда.
Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан №7 жалпы білім беретін мектепке барды. Қазіргі таңда мұнда 65% жұмыс орындалған. Құрылыс жұмыстарына 140 адам жұмылдырылған. Нысан 2025 жылғы 31 тамызда пайдалануға берілуі көзделіп отыр.
Сапар аясында Ербол Ізбергенов Рахат ауылы, «Мерей» шағынауданында орналасқан 1200 орындық жаңа Келешек мектептің құрылыс барысын да тексерді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан бұл білім ордасының тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, ал мердігер – «ҚұрылысИнвестГрупп» ЖШС. Жалпы ауданы 5970,16 шаршы метрді құрайтын нысанда заманауи зертханалар, шығармашылық кабинеттер және инклюзивті білім беруге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін, 16 шілдеде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да аталған мектеп нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарын жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырған болатын. Ербол Ізбергенов те сапар барысында мердігерлерге нақты міндеттер жүктеп, жаңа оқу жылына дейін барлық жұмыстарды толық аяқтауды қатаң тапсырды.