Маңғыстауға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. 2025 жылдың қаңтар–наурыз айлары аралығында өңірге 66 450 турист келген. Оның ішінде 60 055 адам - ішкі турист, 6 395 адам - шетелдік қонақтар. Ал, 2025 жылдың соңына дейін 519 мың турист келеді деп жоспарланып отыр. Аталған көрсеткіштің 430 мыңы - ішкі туристер, ал 89 мыңы - шетел азаматтары. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев хабарлады.
Спикердің айтуынша, бүгінде Маңғыстау облысы республика бойынша туристерді қабылдау жағынан 6-орында, ал шетелдік туристерді тарту бойынша 10-орында тұр.
-Туристер негізінен Ресей, Қытай, Иран, Италия, Әзербайжан, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Өзбекстан және АҚШ елдерінен келіп жатыр. Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер 2029 жылға дейін екі есеге артады деп жоспарлануда. 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыста 108 орналастыру орны тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға өсім бар деген сөз, - деді Ерсін Ибрашев.
Сондай-ақ, спикер брифинг барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025–2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың кешенді жоспары әзірленгенін атап өтті.
-Кешенді жоспар 9 бағытты қамтиды. Атап айтқанда, тұрақты туризмді дамытуға және инвестиция тартуға жағдай жасау, ірі инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру, инженерлік-көлік және коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, логистика, саланы цифрландыру, туристік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кадр даярлау мен қызмет көрсету сапасын арттыру, туризмді брендтеу және ілгерілету, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағын дамыту мәселелері қарастырылған, - деді Ерсін Ибрашев.