Ақтауда мұнай компанияларының ас мәзіріне шұбат қосу мәселесі талқыланды

Ақтауда мұнай компанияларының ас мәзіріне шұбат қосу мәселесі талқыланды

Ақтау қаласындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілдігінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлының төрағалығымен жергілікті шаруашылықтарды қолдауға бағытталған жиын өтті.

Басқосуда мұнай компанияларына жеткізілетін табиғи шұбат өнімінің көлемін арттыру мәселесі кеңінен талқыланды. Жиынға мұнай-газ компанияларының жауапты бөлім басшылары, сондай-ақ жұмысшыларды тамақтандыруды қамтамасыз ететін мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кеңес барысында «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС-нің өкілдері кәсіпорынның қазіргі жұмысы туралы баяндап, жеткізіліп жатқан сүт өнімдерінің сапасы мен көлеміне тоқталды. Сонымен қатар, зауыттың құрғақ түйе сүтін өндіру бойынша жаңа жобасы арқылы жыл бойы тоқтаусыз сүт өнімдерін жеткізуге қатысты жоспарлары таныстырылды.

Бүгінде аталған кәсіпорын 20-дан астам шаруа қожалығымен тығыз байланыста жұмыс істеп, түйе сүтін қабылдау арқылы табиғи шұбат өндіруде. Алдағы уақытта зауыт жаңа өндірістік бағытты іске қосып, облыс көлемінде түйе сүтін қабылдау пункттерін ашуды жоспарлап отыр.

Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары мұнай компанияларының күнделікті ас мәзіріне табиғи шұбатты қосу жөнінде ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, бұл бастама бір жағынан мұнайшыларды сапалы әрі экологиялық таза өніммен қамтуды көздесе, екінші жағынан өңірдегі ауыл шаруашылығын қолдауға үлкен серпін береді.

Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілдігі бұл бастаманы қолдауға әзір екенін білдіріп, жергілікті өнімдерді сатып алу көлемін арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі