Бүгін, 16 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласындағы бірқатар білім беру нысандарын аралап, мектептердің құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйін қарады.
Алдымен аймақ басшысы Рахат-4 ауылындағы «Мерей» шағынауданында бой көтеріп жатқан 1200 орындық Келешек мектебінің құрылыс алаңына барды. Заманауи білім ошағы STEM зертханаларымен, шығармашылық бағыттағы қыш өнері, визуалды дизайн және хореография кабинеттерімен жабдықталуда. Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар үшін сенсорлық кабинет, логопед, дефектолог және психолог бөлмелері қарастырылады.
Жаңа оқу жылынан бастап мұнда 1500-ге жуық бала білім алмақ. Нысан биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Әрі қарай облыс әкімі Жаңаөзен қаласындағы №7 жалпы білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. 1982 жылы салынған бұл мектеп соңғы рет 2011 жылы жөндеуден өткен. Қазіргі таңда 1700-ге жуық оқушы білім алатын білім ордасында екі спорт залы, кітапхана, асхана, 150 орындық акт залы және жаңа үлгідегі пән кабинеттері қарастырылған. Мұнда 150-ге жуық педагог қызмет етеді.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай мердігер мекемелерге мектептерді сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.
- Жаңа оқу жылына бір ай ғана уақыт қалды. Құрылыс пен жөндеу жұмыстары сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Қыркүйектен бастап мектептер қалыпты жағдайда өз жұмыстарын бастауы керек, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша білім беру саласында 5 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, Жаңаөзенде екі мектептің асханаларына күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі