Маңғыстау облысы мен Қытай компаниясы логистикалық хаб құру жөнінде ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Маңғыстау облысы мен Қытай компаниясы логистикалық хаб құру жөнінде ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Бүгін, 11 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қытай Халық Республикасының «Чжунъюнь Гоцзи» және «Гою Учань» компаниялар тобының басшысы Юй Боянмен кездесті. Тараптар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру және халықаралық сауда байланыстарын нығайту мақсатында Ақтау қаласында ірі логистикалық хаб құру мәселелерін талқылады.

Басқосуда қытайлық компания Маңғыстау облысында заманауи теңіз порты мен логистикалық орталық салу жөніндегі инвестициялық ұсыныстарын айтты.

Жоба Еуразия құрлығындағы маңызды транзиттік хабты қалыптастыруға және «Транскаспийлік халықаралық көлік маршруты» халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалануға бағытталған. Жоба Қытай тарапының толық қаржыландыруымен жүзеге асырылмақ.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай стратегиялық маңызды жобаға әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

- Бұл бастама Маңғыстау облысының көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, экономикалық өсімге де елеулі үлес қосады. Біз жобаны тиімді әрі жедел іске асыру үшін барлық жағдай жасауға дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Чжунъюнь Халықаралық Өнеркәсіптік Компаниясы (Хэйлунцзян)» арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, биыл сәуір айында «Чжунъюнь Гоцзи» компаниясының басшысы Юй Боян Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келіп, логистикалық хаб құрылысына қызығушылық танытқан болатын.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі