Маңғыстауда балықшылар төл мерекесінде марапатталды

Маңғыстауда балықшылар төл мерекесінде марапатталды

Түпқараған ауданына қарасты Баутин ауылында «Балықшылар күні» мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай саланың дамуына елеулі үлес қосып жүрген балықшылар мен ардагерлерді арнайы құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттады.

Шараға балық шаруашылығы саласының ардагерлері, кәсіп иелері, осы бағытта еңбек етіп жүрген мамандар қатысты.

Марапаттау рәсімінде сала үздіктеріне «Балық шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер», «Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» марапаты және ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет» грамотасы табысталды.

Сонымен қатар, бірқатар азаматтар Маңғыстау облысы әкімінің «Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» және «Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін сақтауға қосқан үлесі үшін» Алғыс хаттарына ие болды.

Мерекелік шара аясында балық өнімдерінің көрмесі мен жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұртшылыққа теңіз өнімдерінің түр-түрі ұсынылды. Кеш соңы жергілікті өнерпаздардің концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетейік, Баутин ауылы балық шаруашылығы саласының дамуына ерекше үлес қосқан елді мекендердің бірі. 1974 жылы мұнда «Маңғышлақбалықтоңазыту» басқармасы құрылып, балық өңдеу цехы жұмыс істеген. Сол кезеңде аталған цехта аудан халқының басым бөлігі еңбек етіп, теңіз байлығын өңдеп, өнімдерін шетелге экспорттаған.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі