Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданының балықшыларымен кездесті

Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданының балықшыларымен кездесті

Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдің балық шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті. Жиынға жергілікті балықшылар, құқық қорғау органдарының басшылары мен мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.

Басқосуда Каспий теңізінде кәсіпшілік балық аулаумен айналысатын тұрғындардың мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, балықшылар «Жануарлар дүниесін пайдалану рұқсатын» алу және түнгі уақытта теңізге шығуға рұқсат беру мәселесін көтерді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арнайы жабдықталмаған шағын көлемді кемелердің түнгі уақытта теңізге шығуына тыйым салынған. Балықшылар бұл шектеудің кәсіптеріне кері әсерін тигізіп отырғанын айтты.

Қазіргі таңда Каспий теңізінде кәсіпшілік балық аулауға бекітілген 33 учаскенің 22-сі Түпқараған ауданына тиесілі. Балық шаруашылығымен Маңғыстау өңірінде маусымдық негізде 609 адам, ал тұрақты түрде 105 балықшы айналысады. Оның ішінде Түпқараған ауданынан 432 балықшы тіркелген.

Облыс әкімдігінің ұсынысымен 2024-2025 жылдарға арналған балық аулау лимиті 36 268 тоннаға дейін, яғни 69,3%-ға ұлғайтылды. Бұл көрсеткіштің ішінде шабақ аулау лимиті 33172 тоннаны құрап отыр.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай балықшылардың барлық ұсыныстары мен өтініштерін мұқият тыңдап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, заң аясында оңтайлы шешім қабылдау қажеттігін атап өтті. Аталған мәселе бойынша тиісті мемлекеттік және құқық қорғау органдарына нақты тапсырмалар берілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі