Маңғыстау облысында биыл шағын және орта бизнесті қолдау бағытында бірқатар нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда 159 жоба қаржылай қолдау алып, 81 жаңа жұмыс орны құрылды. 150 жұмыс орны сақталды.
Субсидиялау құралы бойынша 111 жоба, кепілдендіру құралы бойынша 42 жоба қолдауға ие болды. Оның ішінде отандық өндірушілердің 25 жобасы қолдау тапты.
Сондай-ақ, Маңғыстау өңірінің кәсіпкерлері Астанада өткен дәстүрлі «Ұлттық өнім» көрмесіне қатысып, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік, құрылыс материалдары, тұрмыстық тауарлар мен қолөнер бұйымдарын ұсынды. Ауқымды алаң жаңа нарықтарға жол ашып, кәсіпкерлерге іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары үшін мемлекеттік гранттар қарастырылып, конкурс нәтижесінде 20 кәсіпкердің жобасы мақұлданып, 50 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған бағыт бойынша қолдау 2025 жылы да жалғасады. Конкурс қазан-қараша айларына жоспарланған.
Қаржылай емес қолдау шаралары шеңберінде жергілікті өнімдерді ілгерілету бойынша да ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Аймақтағы 22 өндіруші кәсіпорын мен 5 сауда желісі арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өңірдегі 179 сауда орындарында «Қазақстанда жасалған» және «Маңғыстауда жасалған» брендімен сауда сөрелерінде баннерлер орнатылды.
Айта кетейік, кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары Ақтау және Жаңаөзен қалаларында, барлық аудан орталықтарында жұмыс істейді. Аталған орталықтар арқылы бүгінгі күнге дейін 1 494 қызмет көрсетілді.