ФОРТ-ШЕВЧЕНКО ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА ЖАҒАЛАУ САЛЫНЫП ЖАТЫР

ФОРТ-ШЕВЧЕНКО ҚАЛАСЫНДА  ЖАҢА ЖАҒАЛАУ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов жұмыс сапарымен Түпқараған ауданына барды. Өңір басшысы Форт-Шевченко қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жөндеу жұмыстарымен танысты. 

    Азаттықты аңсаған  Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлы батырдың көтерілісіне биыл 150 жыл. Өңір басшысы алдымен  Форт -Шевченко қаласында бой көтерген мемориалдық кешенге арнайы барып, батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

    Бұдан кейін Мұрын жырау Сеңгірбайұлы атындағы мұражайға барды. Мұражайдың құрылысы толығымен аяқталды. Қазір онда безендіру, жыраудың шығармашылығын жинақтау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық музей қорының бір бөлігі болып табылатын көрнекті суырып салма ақынның өмірі мен шығармашылығынан алынған бірегей экспонаттар қойылады. Мұражай Мұрын жыраудың өзі тұрған үйдің жанында тұрғызылған. Үйге жөндеу  жұмыстары жүргізіліп,  мұражайдың тағы бір көрнекті жері ретінде пайдаланылады.

    Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы күрделі жөндеуден өткен Есбол Өмірбаев атындағы орта мектептің бүгінгі жағдайымен танысты. Жөндеу жұмыстарын «Оңдасын Строй» ЖШС мердігерлік компаниясы жүргізді. Жұмыс 2020 жылдың наурыз айында басталып, тамыз айында аяқталды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы мектеп қабырғасында ауыл  ақсақалдармен кездесіп, елді мекеннің бірқатар әлеуметтік мәселелері талқыланды. 

    Бұдан кейін өңір басшысы С.Трұмов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған Форт-Шевченкодағы көппәтерлі тұрғын үйге де барды. Құрылысты  «Нұрлы Жол-Құрылыс» ЖШС 2019 жылдың тамыз айында бастап, 2020 жылдың тамыз айында аяқтады. Тұрғын үй халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған  топтарға берілді.

 

    Бұдан кейін облыс әкімі провизорлық стационардың жөндеу жұмыстарымен танысты. Ғимарат 2008 жылы  туберкулез ауруханасы болып салынған. Қайта құру жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.  Жұмыстар қазан айының басында аяқталады. Провизорлық стационар 100 төсек-орынға арналған. Онда барлық инфрақұрылым жүргізіліп, қажетті жабдықтар алынған. Мердігер: "Elif Alliance"ЖШС.

 

Сонымен қатар, облыс әкімі С.Трұмов жағалауда жүріп жатқан  абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда 20 мың шаршы метр жерге халық демалатын орын салынуда. Жаяу жүргінші жолы, веложол, авто тұрақ футбол және волейбол алаңдары, балалар ойын алаңдары мен Workout алаңы салу жоспарда бар.   Жұмысты «Түпқараған» ЖШС мердігерлік компаниясы жүргізуде.  Абаттандыру жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталды, жұмыстар ағымдағы жылдың қараша айының соңына аяқтау жоспарлануда.

    Өңір басшысы жұмысты сапалы орындауды және мерзімінде аяқтауды қатаң тапсырды.

 

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі