Ақтауда «EDU FEST MANGYSTAU – 2025» оқу орындар жәрмәңкесі өтті
Ақтауда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Амфитеатр» алаңында «EDU FEST MANGYSTAU – 2025» оқу орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – Маңғыстау жастарына, мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарына еліміздің жетекші жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары туралы кең, сапалы әрі қолжетімді ақпарат ұсынып, кәсіби бағдар таңдауда қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл іс-шара – оқушылар мен талапкерлердің қызығушылығы мен қабілетіне, сондай-ақ еңбек нарығының сұранысына сай мамандық пен оқу орнын саналы түрде таңдауға мүмкіндік беретін тиімді алаң болды.
Іс-шара барысында қатысушылар жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларымен танысып, қабылдау шарттары, гранттар мен жеңілдіктер туралы нақты ақпарат ала алады. Сондай-ақ, мамандармен тікелей сұхбат арқылы көкейдегі сауалдарға жауап алып, кәсіби бағдарлау бойынша пайдалы кеңес алды.
«EDU FEST MANGYSTAU – 2025» жәрмеңкесіне еліміздің отыздан астам жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындары қатысты. Оның ішінде SDU University, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ, Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, М. Өтемісов атындағы БҚУ және Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті секілді алдыңғы қатарлы оқу орындарының өкілдері өңір жастарының кәсіби бағдарлу деңгейін арттыруға, білім беру ұйымдары жаңа талапкерлермен байланыс орнатты.
Жәрмеңке аясында қатысушылар білім беру бағдарламаларымен, гранттар мен жеңілдіктер туралы мәліметтермен танысты. Сондай-ақ, университет пен колледж өкілдерінен нақты кеңестер алды. Сонымен бірге, бұл жоба жастардың жоғары білім беру жүйесіне деген қызығушылығын арттыруға және еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандық таңдауына көмектесуге бағытталып отыр.
«EDU FEST MANGYSTAU – 2025» жәрмеңкесі - жастарға арналған кәсіби бағдар берудің нақты әрі тиімді құралы. Бұл шара арқылы біз түлектер мен олардың ата-аналарына оқу орындары туралы толық әрі сапалы ақпарат ұсынып, болашақ мамандықты саналы таңдауға мүмкіндік беріп отырмыз. Маңғыстау жастарының білімге деген қызығушылығы мен белсенділігі қуантады. Алда осындай бастамалар жалғасын табады деп сенеміз», — деді жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Бурхандинова.
Статистикаға сүйенсек, биыл елімізде 217 мыңнан астам түлек мектепті аяқтаған. Олардың 185 мыңы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді. 2025-2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының саны 77 мыңнан асады. Сонымен қатар, Маңғыстау жастарына арналған 2000 нысаналы өңірлік грант пен 175 жергілікті әкім гранты бөлінген.