28 маусым, сенбі күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың қызметімен және ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымдық жағдайымен танысты.
Сапар барысында өңір басшысы алдымен Жетібай ауылының маңында орналасқан «Еділ» су тазарту станциясының жұмысын көрді. Аталған нысан Жетібай және Мұнайшы ауылының 20 мыңнан астам тұрғынын және 13 өндірістік мекемені сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған. Қазіргі таңда станцияның инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жетілдірілуде. Жобаны толық іске асыру үшін алдағы уақытта 1,694 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастыру жоспарланып отыр. Бұл жоба – өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Кейін облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен Жетібай ауылдық ауруханасында болып, медициналық мекеменің қазіргі жағдайымен танысты. 2007 жылы пайдалануға берілген үш қабатты аурухана ғимараты бүгінгі таңда толық жаңартылған. Жөндеу жұмыстары нәтижесінде медициналық қызмет сапасы жақсарып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мекеме ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуге дайын.
Сапар аясында Нұрдәулет Қилыбай жеке кәсіпкердің қаржысы есебінен салынған спорт кешеніне барды. Қазіргі таңда бұл нысанда бокс және күрес үйірмелері жұмысын жүргізіп жатыр. Жаңа ғимарат толық аяқталып, пайдалануға берілген. Кешеннің құрылысына жалпы 100 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бұл ауыл жастарының спортпен тұрақты шұғылдануына мүмкіндік беретін маңызды нысан ретінде бағаланды.
Сапар соңында облыс әкімі Жетібай ауылындағы көпфункционалды спорт залға барып, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысты. Аталған нысан ауыл жастарының дене шынықтыру және бұқаралық спортпен айналысуына арналған. Өңір басшысы нысанды тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, жұмысты сапалы және уақытылы жүргізуді тапсырды.
Спорт залдың жалпы көлемі 24×62 метрді құрайды. Ғимарат 50 адамға дейінгі сыйымдылыққа ие. Залда әртүрлі спорт түрлеріне арналған заманауи жабдықтар, спортшыларға арналған жуыну бөлмелері, жаттықтырушылар бөлмесі және ұл-қыздарға арналған жеке киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі