Нұрдәулет Қилыбай тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтады

Нұрдәулет Қилыбай тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтады

27 маусым күні Маңғыстау облысында Қазақстан полициясының құрылған күніне орай салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай арнайы қатысып, құқық қорғау саласының қызметкерлерін және ішкі істер органдарының ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Мерекелік шарада Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтің құттықтауы оқылып, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген бірқатар қызметкерлер және сала ардагерлері Ішкі істер министрлігінің марапаттарына ие болды. Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан да алғыс хаттар табысталды.

Жиында Нұрдәулет Қилыбай полиция қызметінің ел тыныштығы мен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ әкім қызмет бабында қаза тапқан аға лейтенант Әділет Тұрсынбековтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Қарақия ауданы, Құрық ауылындағы бір көшеге есімін беру жөнінде бастама көтерді.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жуырда өткен жиында полиция қызметкерлерінің қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. Әсіресе учаскелік инспекторлар мен жас курсанттардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Бұл – құқық қорғау саласына артылған зор сенім. Маңғыстау полициясы бүгінде республика бойынша алдыңғы қатарда тұр. Қоғаммен қатар технология да дамып келеді, соған сәйкес сіздердің жұмыстарыңыз да күрделене түсуде. Осы кезеңде есірткіге қарсы күресте, құқық бұзушылықтың алдын алуда сіздердің еңбектеріңіз зор. Сізге де, бізге де ең маңыздысы - елдің тыныштығы. Тәуекел - сіздердің көлеңкелеріңіз іспетті, әрдайым ілесіп жүреді. Осы орайда көптен бері қозғалып жүрген бір мәселеге тоқталғым келеді. Қызмет бабында қаза тапқан аға лейтенант, Әділет Тұрсынбеков деген азамат бар. Оның ерлігі – ел есінде, жүрегімізде. Осыны ескере отырып, Тұрсынбековтер әулетінің атақонысы - Қарақия ауданының Құрық ауылындағы бір көшеге Әділет ініміздің есімін беру туралы шешімге келіп отырмыз. Сіз болып, біз болып осы бастаманы бірлесе жүзеге асырамыз деп сенемін. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Мерекелеріңіз құтты болсын! - деді Нұрдәулет Қилыбай.



Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты. Шара аясында патриоттық әндер шырқалып, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі