Маңғыстауда алғаш рет «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру» республикалық форумы өтеді

Маңғыстауда алғаш рет «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру» республикалық форумы өтеді

Маңғыстауда алғаш рет «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру» республикалық форумы өтеді

Маңғыстау облысында 23-27 маусым аралығында алғаш рет кең ауқымда «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру» бойынша республикалық форум өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Долдашев хабарлады.

Спикердің айтуынша, жұмыс күшінің мобильділігін арттыру мақсатында ерікті түрде қоныс аудару бойынша жәрмеңкеге жұмыс іздеуші азаматтар мен жұмыс берушілер қатысады. Аталған форумға балалар ауылдарының тәрбиеленушілері, балалар үйлерінің түлектері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, он алты жастан жиырма үш жасқа дейінгі мектеп-интернат түлектері өтініш бере алады.

–Басымдық жұмыскерлер саны немесе штаттың қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкеп соққан, яғни, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі азайғандықтан жұмыстан босатылған адамдарға беріледі, – деді Нұрбол Долдашев.

Сондай-ақ, брифинг барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің басшысы Лаура Махмутова солтүстік өңір өкілдерінің қатысуымен «Қоныс аудару» жәрмеңкелері өтетіндігін айтты. Жәрмеңке облыстың барлық қалалары мен аудандарын қамтиды. Қоныс аударушыларға қолдау көрсету мақсатында қосымша субсидиялар қарастырылған.

–Қоныс аударушыларға материалдық көмек ретінде отбасының әрбір мүшесіне 275,2 мың теңге көлемінде төлем қарастырылған. Сонымен қатар, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабуға арналған біржолғы төлем – 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін(58 980-нен 117 960 теңгеге дейін) беріледі. Ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар тұрғылықты мекен-жайы бойынша мансап орталықтарына жүгінуі қажет. Биылға арналған қоныс аударушыларды қабылдау өңірлік квотасына сәйкес мына облыстар белгіленді: Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облысы, – деді Лаура Махмутова.

Айта кетейік, «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру» форумына және «Қоныс аудару» жәрмеңкесіне қатысу арқылы тұрғындар жұмыссыздыққа қатысты сұрақтарға жауап ала алады. Байланыс нөмірі: 60 52 53.