Маңғыстауда тұңғыш рет спортта дарынды балаларға арналған мектеп интернат колледжі ашылады

Маңғыстауда тұңғыш рет спортта дарынды балаларға арналған мектеп интернат колледжі ашылады


19 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Балдаурен» демалыс базасында орналасқан спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Өткен жылдың тамызында құрылған оқу орнында бүгінде сыртқы инженерлік желілер тартылып, мамыр айынан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу мерзімі 9 айға жоспарланған. Жаңғырту жұмыстарына асхана, екі жатақхана, оқу корпусы мен бақылау-өткізу пункті кіреді.

Жоба толық іске қосылған кезде мектеп-интернат колледжге 300 дарынды спортшы қабылданады деп күтілуде. Мұнда бокс, дзюдо, таэквондо, еркін күрес және грек-рим күресі секілді спорт түрлері бойынша секциялар жұмыс істейтін болады. Оқу орнында 182 штаттық бірлік қарастырылған.

Биыл қазан айында спортшыларды іріктеу басталып, 2026 жылдың қаңтар айынан бастап оқу-жаттығу процесі интернаттық жүйеде жүзеге аспақ.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау қажет екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі