Бүгін, 17 маусым күні Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов Бенилюкс Сауда палатасының президенті Денис Ван ден Вейхпен кездесті. Кездесу аясында тараптар бірқатар стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды талқылады.
Басқосуға Бельгия Корольдігінің Ақтау қаласындағы Құрметті консулы Муртаза Арифов, Бенилюкс Сауда палатасының Ақтаудағы өңірлік директоры Ануар Куржикаев және ARTEX Holding компаниясының жоба жетекшісі Сергей Пустобаев қатысты.
Жиында тараптар Ақтау қаласында тәулігіне 50 мың текше метр су өндіретін тұшыту зауытының құрылысы, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы аумағында қуаттылығы 250 МВт газтурбиналық электр станциясын салу, сондай-ақ көпбейінді балалар ауруханасы жобасын іске асыру мәселелері қарастырылды.
Инвесторлар тарапынан жобаларға қатысты тұжырымдамалар ұсынылып, жүзеге асыру тетіктері талқыланды.
Ербол Ізбергенов қазіргі уақытта өңірде инфрақұрылымдық нысандарды жаңғырту және кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі ұсынылған жобаларды нақты іске асыру мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
- Бүгінде өңірдегі су тазарту инфрақұрылымдарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірқатар нысандар бойынша реконструкция жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Каспий су тұшыту зауытының қуаты да екі есе арттырылды. Қазіргі уақытта тәулігіне 100 мың текше метрге дейін су өндіруге мүмкіндік беретін жаңа жобалар қаралуда. Сонымен қатар, шетелдік компаниялардан да бірқатар ұсыныстар келіп түсті. Бұл бастамалар су тапшылығы мәселесін шешуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бүгінгі ұсынылған бастамаларды жан-жақты пысықтап, нақты іске асыру бағытында бірлесіп жұмыс жүргіземіз, - деді Ербол Ізбергенов.
Айта кетейік, Бенилюкс Сауда палатасы 2021 жылы құрылған сәттен бастап Қазақстан мен Бенилюкс елдері арасындағы экономикалық және инвестициялық әріптестікті нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда Палата құрамында су ресурстары, энергетика, машина жасау, медицина, логистика, цифрландыру және агротехнологиялар сынды стратегиялық салаларда жұмыс істейтін 80-нен астам компания бар.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі