Биыл Ақтау қаласында магистральдық және ішкі кварталдық жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес, өткен жылы 11,5 шақырым жылу құбыры жаңартылса, биыл тағы 10 шақырымды қайта жаңарту жұмыстары басталды.
Маңғыстау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының Энергетиканы дамыту бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Болатовтың айтуынша, жоба толық жүзеге асқанда қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі 79%-дан 75%-ға дейін төмендейді.
- Ақтау қаласында жалпы ұзындығы 560 шақырымды құрайтын жылу желісі бар. 2024 жылы тозығы жеткен магистральдық жылу желілерін жаңарту жұмыстары басталды. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 22 шақырым желі жаңартылады. Қазіргі таңда жоспардың 25% орындалды. Жаңарту жұмыстары жылу беру маусымы басталғанға дейін толық аяқталады деп күтілуде, – деді Нұрсұлтан Болатов.
Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары төрт бағыт бойынша 17 учаскеде жүргізілуде. Оған 30-дан аса арнайы техника мен 150-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған.
Сонымен қатар Ақтаудағы 3А, 3Б және Емдеу қалашығы шағынаудандарында төменгі жылу желілерін қайта құрылымдау жобасы іске асырылып жатыр. Мердігер «АстанаИнжкомстрой» ЖШС инженері Берік Ахметов жоба аяқталғаннан кейін тұрғындар сапалы жылумен және таза ыстық сумен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.
Аталған жоба аясында ескі болат құбырлар алынып, олардың орнына диаметрі 32-ден 225 мм аралығындағы заманауи полимерлі құбырлар төселуде. Құбыр бағыттары жаңадан жобаланып, жылумен жабдықтау жүйесі төрт құбырлы форматта орталық жылу пункті арқылы іске асырылады. Құрылыс кезеңінде 155 уақытша жұмыс орны ашылған.
Айта кетейік, өткен жылы Ақтауда соңғы 50 жылда алғаш рет 11,5 шақырым магистралдық жылу жүйесі жаңартылған болатын. Сондай-ақ, 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымында анықталған 375 ақау толығымен жойылды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі