Бүгін, 13 маусымда Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов Түркияның ірі индустриалдық және инвестициялық кәсіпорындардың бірі «Alarko Holding» компаниясының өкілдерімен кездесті. «ALSERA KZ» ЖШС-нің Бас директоры Гюнай Гокалппен өткен басқосуда энергетика, агроөнеркәсіп және туризм салаларында ықтимал серіктестік пен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Түркиялық кәсіпкерлер өңірдің инвестициялық әлеуетіне жоғары қызығушылық танытып, болашақта өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ниетті екендіктерін білдірді.
1954 жылы құрылған халықаралық «Alarko Holding» холдингі энергетика, құрылыс, туризм, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп салаларында жұмыс істейді. Компания Қазақстанда бұған дейін 18 мердігерлік жобаны табысты іске асырған.
Кездесу барысында Ербол Ізбергенов облыс әкімдігі шетелдік инвесторлардың кез келген іскерлік бастамасына қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап отыр. Біз осы мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Компанияның тәжірибесі мен технологиялық әлеуетін ескере отырып, нақты жобаларға қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Ербол Ізбергенов.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі