Астана қаласында өткен Қазақстан мен Иран арасындағы үкіметаралық комиссия отырысы аясында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Иран Ислам Республикасының Гүлстан провинциясының губернаторы Али Асгар Тахмасебимен кездесті.
Екіжақты кездесуде сауда-экономикалық, логистика, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдени байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Нұрдәулет Қилыбай екі өңір арасында инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Аймақ басшысы Маңғыстауда инвесторлар үшін қолайлы инфрақұрылым жасалып жатқанын жеткізді.
- Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында әлем елдері арасында Қазақстанның беделі жоғары. Қазақстан бүгінде инвестиция салуға ең қолайлы, ашық әрі тұрақты елдердің бірі. Маңғыстау өңірі – логистика, туризм, ауыл шаруашылығы мен өндірісте бірлескен жобалар үшін тиімді аймақ. Біз ирандық инвесторларға барлық қажетті инфрақұрылым мен заң аясында толық қолдау көрсетуге әзірміз. Иран арқылы Еуропа мен Азия нарықтарына шығу мүмкіндігі бар. Осы мүмкіндікті бірге пайдалануымыз керек. Жақын уақытта нақты жобаларын іске асу үшін Ираннан бес компания келеді деп күтілуде. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер береміз. Сонымен қатар, су тұщыту зауыттарына қажетті құрылғыларды жеткізу бағытында келісімдер жасалуда,- деді Нұрдәулет Қилыбай.
Гүлстан губернаторы Маңғыстауға деген қызығушылықтың жоғары екенін айтып, Ақтау мен Горган қалалары арасында тұрақты әуе қатынасын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, бірлескен көрмелер ұйымдастыру сынды ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, кездесу барысында мәдени байланыстарды кеңейту мәселесі де назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың ұсынысымен екі елдің өнерпаздары өзара тәжірибе алмасып, мәдени, рухани байланысты нығайтуға уағдаласты.