Бүгін, 12 маусым күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республика арасындағы экономикалық ынтымақтастық және үкіметаралық бірлескен комиссияның жиырмасыншы отырысы өтті.
Жиынға Қазақстан тарапынан ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Иран Ислам Республикасы тарапынан ИИР Ауыл шаруашылығы министрі Ғоламреза Нури Гезелже қатысты.
Иран делегациясы құрамында жүзден аса кәсіпкер-инвестор, 35 мемлекеттік орган басшысы және Иран Парламентінің 4 депутаты бар. ҚР Сауда және интеграция министрі Иранмен Каспий теңізі арқылы шектесетін Маңғыстау облысының түрлі салада бірлескен кәсіпорын құру әлеуетін жоғары бағалады. Қазірдің өзінде Маңғыстау облысында Иран капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 77 кәсіпорын тіркелген. 2024 жылғы 12 айда Ақтау және Иран теңіз порттары арасындағы жалпы жүк айналымы 349 мың тоннаны құрады.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай өңір экономикасын әртараптандыру бағында жұмыс жасалып жатқанын айтып, «жұмыс істеймін», «инвестиция саламын» деген әрбір компанияны Маңғыстауға шақыратынын айтты.
- Өткен дәуірден бері негізгі экономика көзі - мұнай-газ саласы болып келді. Бірақ енді экономиканы әртараптандыруды басты мақсат етіп отырмыз. Қазіргі таңда тұтынатын азық-түліктің 85 пайызы сырттан жеткізіледі. Бұл – ауыл шаруашылығын дамыту қажет екенін көрсетеді. Сол себепті осы кездесуге жиналған ауыл шаруашылығы бағытындағы бизнес өкілдері біз сіздерді Маңғыстауға шақырамыз. Заң аясында барлық жағынан қолдау көрсетіп, жағдай жасауға дайынбыз. Сонымен қатар, Маңғыстаудың логистика, өндіріс, туризм салаларында әсіресе ауыл шаруашылығы бағытында потенциалы өте жоғары- деді Нұрдәулет Қилыбай.
Арман Шаққалиев Қазақстан мен Иран басшыларының басшыларының елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемін 3 миллиард АҚШ долларға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын атап өтіп, ауыл шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары және өзге де салалардың жоғары сапалы өнімін ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе астық пен май-тоң май өнімдерін өзара жеткізуді арттыруға үлкен мән береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 220 млн АҚШ долларын құрады. Соған қарамастан тараптар екі елдің ауыл шаруашылығы өнімдері айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту мүмкіндігін растады.
- Біз Парсы шығанағы, Араб және Африка елдерінде қазақстандық ауылшаруашылық, тау-кен өнімдеріне жоғары сұраныстың барын білеміз. Сондықтан Қазақстан өнімдерін осы елдердің нарығына шығаруға көпір бола аламыз. Сондай-ақ біз Қазақстанда ауылшаруашылық техникаларын құрау саласын дамытуға ниеттіміз. Біз бұл комиссия отырыса аса мән беріп отырмыз, - деді ИИР Ауыл шаруашылығы министрі Ғоламреза Нури Гезелже.