Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдегі экологиялық ахуал, «Таза Қазақстан» республикалық акциясының іске асырылу барысы және жасыл желектерді күтіп-баптау мәселелері кеңінен қаралды.
Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов баяндама жасап, «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстармен таныстырды.
- Биыл экологиялық науқанға облыс бойынша 25 мыңнан астам тұрғын қатысып, 4200 түп ағаш отырғызылды. Іс-шара барысында 448 техника жұмылдырылып, жалпы көлемі 3540 тонна тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды. Сондай-ақ, азаматтардың экологияға қатысты шағымдары мен ұсыныстары «Tazaqazaqstan.kz» платформасы арқылы тұрақты түрде қабылданып, уақытылы жауаптар берілуде, - деді Сәбит Дүйсекенов.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері бойынша өткен жылғы жергілікті деңгейдегі ғарыштық мониторинг нәтижесінде 68 қоқыс алаңы анықталып, олардың 64 нүктесі жойылған.
Осы бағытта жуырда ғана «Кіші Оймашы» көлінің маңында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Оған 26 техника жұмылдырылып, 58 рейс арқылы 540 тонна ірі көлемді қоқыс шығарылды.
Өңірде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту бағытында «Жасыл Даму» АҚ арқылы екі инвестициялық жоба қарастырылуда. Бұл жобалар өңірдің экологиялық тұрақтылығын арттыруға септігін тигізбек.
Көгалдандыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Сәбит Дүйсекеновтың айтуынша, биылғы жоспарға сәйкес елді мекендер аумағында 31568 түп ағаш отырғызу көзделіп, қазіргі уақытта оның 45% орындалған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100% жеткізілмек.
Облыс экологиясы үшін аса өзекті мәселенің бірі - «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қайта қалпына келтіру. Қазіргі таңда бұл жұмыстар уақытша тоқтатылғанымен, экологиялық қауіптің алдын алу мақсатында салалық министрліктің ұсыныстары ескеріліп, жаңа биологиялық рекультивация жобасы әзірленуде.
Жобаның бірінші кезеңінде 400 гектар аумақта жасыл қорғау аймағы құрылса, екінші кезеңде 27,5 гектар аумаққа техникалық рекультивация жұмыстары жүргізіледі. Жобаның толық дайындалуынан кейін жер дайындау, көшет егу, суару, қоршау жұмыстары жалғасады.
Аталған аумақты көгалдандыру 2025-2027 жылдарға жоспарланып отыр. Осы аралықта «Қошқар-Ата» қоймасының оңтүстік-батыс бөлігіндегі 400 гектар жерге сексеуіл көшеттерін отырғызу көзделген.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жиын соңында экологиялық жұмыстардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, басқармаға нақты тапсырмалар жүктеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі