Маңғыстауда әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері мәслихат сессиясында талқыланды

Маңғыстауда әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері мәслихат сессиясында талқыланды

11 маусым күні, 8 сайланған Маңғыстау облыстық мәслихатының кезекті ХХ сессиясы өтті. Жиын барысында өткен жылғы облыстық бюджеттің орындалуы, білім беру саласындағы өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары, тұрақты комиссиялардың есептері мен әлеуметтік-экономикалық шешімдерге енгізілетін өзгерістер қаралды.

Сессия жұмысына облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, құқық қорғау органдарының, басқарма мен департамент басшылары, мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері, партиялар мен ардагерлер, Қазақстан халқы Ассамблеясы, кәсіподақ ұйымдары мен қоғам белсенділері қатысты.

Жиында өткен жылғы облыстық бюджеттің орындалуы туралы Маңғыстау облысы қаржы басқармасының басшысы Марина Альбекова баяндама жасады. Оның айтуынша, 2024 жылы жергілікті бюджеттің меншікті кірістері 110% көлемінде орындалған. Аудан және қала бюджеттері 99,7%-дан 111,6%-ға дейін, ал облыстық кірістер жоспары 113,6% деңгейінде орындалып, оң қаржылық динамика көрсеткен.

- Бюджет шығыстарының 43%-ы білім беру саласына жұмсалды. Жалпы барлық шаралар білім саласының көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған. Мәселен, 2024-2025 оқу жылында жаңа объектілерді қосу есебінен үш ауысымды білім беретін мектептер 15 тен 10-ға азайтылды. Енді осы жылы жаңа тапсырылған мектептер арқылы олардың саны 3-ке дейін азаяды, - деді Марина Альбекова.

Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының 99%-ы игерілді. 17 мемлекеттік медицина мекемесіне 502 дана медициналық құрал-жабдық алынып, 5 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары басталып, оның төртеуі аяқталған.

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 1306 шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік қолдау көрсетілді, 644 жұмыс орны сақталды, 535 жаңа жұмыс орны ашу жоспарланды. Әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй мәселесін шешу үшін 941 пәтер сатып алынды. Сонымен қатар, әлеуметтік сала нысандарына 74, сумен жабдықтау жобаларына 70 жоба қаржыландырылып, олардың ішінде 10 нысанның құрылысы аяқталды.

Жиында Тексеру комиссиясының мүшесі Айболат Тұрғанбаев жалпы өңірлік өнім оң динамиканы көрсеткенін атап өтті.

Соңғы 5 жылда облыстық бюджет түсімдері өсуде. 2024 жылы 41 нысанда 16 аудиторлық іс-шарасы жүргізіліп, анықталған бұзушылықтардың 69,3%-ы қалпына келтіріліп өтелген.

Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев өңірдегі мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінің жай-күйі туралы мәлімдеді.

Бүгінгі таңда облыстағы 417 мектепке дейінгі мекемеде 47 248 бала тәрбиеленуде. Бала туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты 2028 жылға дейін 11 610 орындық 44 балабақша салу жоспарланған. Оның 4 410 орны 2025 жылы іске қосылады.

- Соңғы 5 жылда өңірде мектеп саны 165-тен 207-ге, оқушы саны 167 мыңнан 190 мыңға өскен. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы Ақтау қаласында 3 300 орындық 3 мектеп, Мұнайлы ауданы, Батыр ауылында 1 200 орындық 1 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 8 100 орындық 9 мектеп ашылады. Қазіргі уақытта 588 орындық қосымша екі нысанның құрылысы жүріп жатыр. Аталған білім нысандарының толық іске қосылуы 7 мектептегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешеді, - деді Амантай Кумбаев.

Сонымен қатар, облыс мектептерінде балалардың қауіпсіз және сапалы тамақтануын қамтамасыз ету бағытында бірқатар шаралар қабылданып отыр.

Сессия барысында мәслихат депутаттары бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын білдірді.

Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай облыстың дамуы бағытында жаңа бағдарламалар жүзеге асып жатқанын атап өтті.

- Халық қалаулыларына және қоғам өкілдеріне алғысымды білдіремін. Президент тапсырмасына сәйкес Мұнайлы ауданында жаңа аурухана ашылып, көптен күткен мәселе шешімін тапты. Сонымен қатар, бүгінгі айтылған мәселер өте өзекті. Бюджет қаражаты тиімді әрі мақсатты игерілуі тиіс. Алда облысты дамытуға бағытталған жаңа бағдарламалар жүзеге асырылады. Өңірде кезек күттірмейтін электр энергия, ауыз су, жылу мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде, бұл жобалар жалғасады, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі