Бүгін, 10 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте отандық өндірушілерді дамыту мен қолдау шаралары туралы мәселе талқыланды.
Өңір экономикасының құрылымында жалпы өнеркәсіп үлесі 40% құрайды. Ал өңдеу өнеркәсібі саласында 295 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 42-сі ірі және орта өндіріс ошақтары.
Маңғыстау облысының өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Абай Естекпаевтың айтуынша, отандық өндірушілерді қолдау аймақтық экономиканы әртараптандырудың басты бағыты ретінде айқындалған.
Өңірлік басқарма тарапынан өңдеу өнеркәсібінің даму қарқынын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, өндіріс орындарын қажетті шикізатпен қамту, сұранысқа ие өнім шығаратын кәсіпорындардың негізгі жабдықтарын жаңарту, кадр тапшылығын шешу және жаңа нарықтарды анықтау арқылы өнімге сұранысты ұлғайтуға бағытталған жұмыс жүргізілуде.
Одан бөлек, ғылым мен өндірісті ұштастыру, өңірлік даму мен инновациялық жобаларды ілгерілету мақсатында бірқатар жетекші университеттермен маңызды кездесулер өткізіліп, тиісті ынтымақтастық жайында келісімдерге қол жеткізілген.
Абай Естекпаев отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету және жаңа өндірістерді ашу мақсатында жалпы ауданы 23 мың гектарды құрайтын жер телімін арнайы экономикалық аймаққа қосу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
- Жалпы жоспарланған іс-шаралардың қорытындысы бойынша АЭА аумағын 3 656 гектардан 26 908 гектарға дейін кеңейту жоспарлануда. Сондай-ақ 2022–2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібін қолдау мақсатында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау құралы арқылы 443 жоба қаржыландырылды. 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл бағытта тағы 19 жоба қолдау тапты, - деді Абай Естекпаев.
Сондай-ақ, Маңғыстау индустриялық паркін дамыту шеңберінде өңірлік өнеркәсіптік әлеуетті арттыруға, өндіріс орындарын тиімді пайдалануға және инвестициялық тартымдылықты күшейтуге бағытталған бірқатар жүйелі және мақсатты іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ердәулет Базардың айтуынша, кәсіпкерлерге қаржылай да, қаржылай емес қолдау түрлері көрсетіліп келеді.
Бүгінде 153 жоба қолдау алып, 73 жаңа жұмыс орны құрылып, 149 жұмыс орны сақталған. Субсидиялау құралы бойынша 111 жоба, кепілдендіру құралы бойынша 42 жоба қолдау алған. Оның ішінде отандық өндірушілердің 19 жобасы қамтылған.
Жергілікті өнімдерді ірі тұтынушыларға жеткізу мақсатында облыс әкімдігі мен ірі мұнай компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соның нәтижесінде шаруа қожалықтарынан түйе сүті қабылданып, арнайы зауытта өңделіп, мұнай компанияларына жеткізілуде. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жеткізілім көлемін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
Жиын соңында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауапты органдарға отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстарды жеделдетіп, нақты нәтиже көрсетуді тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі