Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен облыстық бюджет комиссиясының отырысы өтті. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер қаралды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Лаура Мұхамбетованың мәліметінше, биылғы жылға арналған облыс бюджетті 623,2 млрд теңге көлемінде бекітіліп, ақпан айындағы нақтылаудан кейін 712,6 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Осы нақтылаумен республикалық бюджеттен облигациялық қарыздар есебінен қосымша
қаражатқа қолдау көрсетілді. Аталған қаражаттың бір бөлігі халықтың әлеуметтік осал санаттарына арналған тұрғын үй қорын толықтыруға бағытталды. Жыл басында 219 пәтер сатып алуға қаржы көзделген болса, нақтылау нәтижесінде қосымша 300 пәтер сатып алуға мүмкіндік туып отыр. Қазіргі таңда 96 пәтер сатып алынып, қалған пәтерлер бойынша конкурстық рәсімдер қыркүйек айына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, облыс тұрғындарын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында бес жоба қаржыландыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар Ақтау қаласының жаңа шағынаудандарында кабельдік тарату желілерінің құрылысын, сондай-ақ 16, 20, 20А және 38-ықшам аудандарындағы жол маңы аумақтарын абаттандыру мен ішкі инженерлік желілерді, өтпе аймақтарды және жаяу жүргіншілер жолдарын салу жұмыстарын қамтиды.
Сондай-ақ, жиында Маңғыстау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев «МАЭК» ЖШС-нің күрделі қаржылық жағдайы туралы баяндады. Қазіргі таңда кәсіпорындағы негізгі жабдықтардың тозу деңгейі жоғары, техникалық жағдайы сын көтермейтін күйде. Оларды қайта қалпына келтіру мен жаңғырту үшін ауқымды инвестициялар қажет.
Бердібек Қартбаевтың айтуынша, компанияның ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2024–2030 жылдарға арналған жаңғырту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бағдарлама өндіріс тиімділігін арттыруға, жабдықтардың тозуын азайтуға және энергетикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Отырыста облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тиісті басқармаларға аталған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды уақытылы әрі сапалы орындаудың маңыздылығын атап өтіп, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі