Маңғыстау облысының ең ірі ауданында жаңа орталық аурухана ашылды

Маңғыстау облысының ең ірі ауданында жаңа орталық аурухана ашылды

Маңғыстау облысының ең ірі ауданында жаңа орталық аурухана ашылды

Мұнайлы ауданында 150 керуеттік жаңа орталық аурухананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, депутаттар, сала ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Аурухана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында салынды.

Жаңа аурухана 200 мыңға жуық халқы бар аудан тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет алуына мүмкіндік береді. Жалпы көлемі 30 мың шаршыметр болатын заманауи аурухана қажетті медициналық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Мұнда 250-ден аса қызметкерді жұмыспен қамтылмақ. Онда жаңа стационар терапия, хирургия, педиатрия, босану, анестезиология және реанимация, қалпына келтіру емі мен медициналық оңалту бөлімшелері бар. Сонымен қатар, инфекциялық науқастарды оқшаулап емдеуге арналған боксталған палаталармен жабдықталған жұқпалы аурулар бөлімі де қарастырылған.

Салтанатты шарада Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлерін алда келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтап, денсаулық сақтау саласына қосқан үлестері мен адал қызметтері үшін алғысын білдірді.
- Бұл аурухананың ашылуы - жай ғана ғимараттың пайдалануға берілуі емес. Біз үшін әрбір адамның, оның тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы медицинаға қол жеткізуі маңызды. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз, - деді министр Ақмарал Әлназарова.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай заманауи аурухананың ашылуымен құттықтап, бұл нысанның аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыратынын атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қай саланың дамуына да аса мән береді. Әсіресе тұрғындарға сапалы медицина қолжетімді болуын айтқан еді. 2021 жылы Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары аясында Президент Мұнайлы ауданы тұрғындарының өтінішін қабылдап, 2022 жылға дейін аудандық орталық аурухана салуды тапсырған болатын. Алайда, біз жергілікті атқарушы орган үш жылға кешіктіріп ашып отырмыз. Сол үшін тұрғындардан кешірім сұраймын.
Бүгін ашылып тұрған заманауи талапқа сай жабдықталған аурухана – тұрғындарға қолжетімді, сапалы медициналық қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне жол ашады. Мұнда облыс орталығында да кездесе бермейтін жаңа диагностикалық және емдеу аппараттары орнатылған. Адам өмірінен артық маңызды нәрсе жоқ. Сондықтан дәрігерлер халыққа сапалы қызмет көрсетеді деген сенімдемін. Жаңа ғимарат ел игілігіне жарасын! - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Медициналық кешен заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен толық қамтылған. Атап айтқанда, жаңа үлгідегі компьютерлік томограф, цифрлық рентген аппараттары, эксперттік класты УДЗ жүйелері, функционалдық диагностикаға арналған құрылғылар, науқастардың жағдайын бақылауға арналған мониторлар, сондай-ақ қарқынды терапияға, оның ішінде жаңа туған нәрестелерге арналған заманауи жабдықтар орнатылған.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі