Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды: Ақтауда Каспий теңізі акваториясындағы ең ірі контейнерлік хаб іске қосылды

Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды: Ақтауда Каспий теңізі акваториясындағы ең ірі контейнерлік хаб іске қосылды


9 маусымда Ақтау қаласында Каспий теңізі акваториясындағы ең ірі контейнерлік хаб ресми түрде іске қосылды. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы қыркүйекте берген тапсырмасына сәйкес жоспарланған мерзімінен бұрын сәтті аяқталып, пайдалануға берілді.

Ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Самұрық-Қазына» қорының, ҚТЖ компаниясының басшылығы, халықаралық серіктестер және логистикалық компаниялардың өкілдері қатысты.

Ауқымды жобаны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «KTZ Express» акционерлік қоғамы Қытайдың ең ірі порттарының бірі – Ляньюньган порты және «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АҚ-мен бірлесіп іске асырды.

Жаңа хабтың өткізу қабілеті жылына 66 мың контейнерге дейін жетеді. Ол Каспий теңізі арқылы өтетін транзиттік және экспорттық бағыттардың – Кавказ, Түркия, Еуропа, Қытай және Орталық Азия елдеріне шығуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бірінші іске қосу кезеңі аяқталып, Қытайдан келген 100-мыңыншы контейнер қабылданды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай хабтың ашылуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, халықаралық сауда бағыттарын әртараптандыруға сеп болатынын атап өтті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте еліміздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуын пайдалана отырып, көлік-логистика саласын дамыту туралы нақты тапсырмалар берген болатын. Соның ішінде Маңғыстау өңірі осы мүмкіндікті пайдалануға табиғаттың берген сыйы десек болады. Бүгін іске қосылып отырған контейнерлік хаб - Президент тапсырмасының нақты орындалуының айқын көрінісі. Бұл жоба Қазақстанның көлік және логистика саласындағы экономикалық әрі стратегиялық әлеуетін арттыратын маңызды қадам. Сонымен қатар, Маңғыстау өңіріне жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикаға серпін бермек. Осы істің басында мұрындық болған, оның мерзімінен ерте аяқталуына атсалысқан азаматтарға алғыс білдіреміз. Жаңа нысан ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов хабтың еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға қосар үлесіне тоқталып, мұндай жобалардың өңірлік және халықаралық деңгейдегі маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қор мен ҚТЖ бірлескен логистикалық бастамаларды табысты жүзеге асыруды жалғастыра береді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі