Иран Ислам Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Мурат Нұртілеу Иран басшылығымен бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Делегация құрамында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да болды.
Кездесу барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы Ақтау және Құрық порттарының рөлін күшейту, Бендер-Аббас, Энзели, Астара порттарымен өзара іс-қимыл, бірлескен терминалдық инфрақұрылым құрылысы, логистикалық шығындар мен жеткізу мерзімін қысқарту мәселелері кеңінен талқыланды.
Маңғыстау облысы Каспий маңының стратегиялық өңірі ретінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Еуропа елдерімен байланысты тереңдетуге маңызды үлес қосып отыр.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі