ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесе отырып, Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларына жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Осыған орай, өңірге арнайы іс сапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай білім беру ұйымдарындағы тамақтану сапасын жақсарту және жаңа стандарттарды енгізу мәселелеріне арналған кеңейтілген отырыс өткізді.
Тексеріс нәтижесінде облыстағы 66 мектептің 65-інде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Кеңесте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді.
Балалардың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне профилактикалық шараларды күшейту, білім беру және тамақтану нысандарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жақсарту тапсырылды. Ал облыстық білім басқармасына мектеп асханаларын санитариялық талаптарға сәйкестендіру, тамақтану қызметін жеткізушілердің конкурстық талаптарды сақтауын жүйелі түрде тексеру және бракераж комиссияларының тиімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс берілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына медициналық кітапшаларды заңнама талаптарына сәйкес беру процесін қатаң бақылауға алып, медициналық тексеруден толық өтпеген тұлғаларға рұқсат бермеу міндеттелді.
Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сапалы әрі қауіпсіз тамақтану жүйесін қалыптастыру - мемлекеттік маңызы бар міндет екенін атап өтіп, жаңадан енгізілген тамақтану стандарты туралы мәлімет берді. Ақпаратқа сәйкес санитариялық талаптардың бұзылуына қатысты жүйелі мәселелерді шешу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі білім беру нысандарын мемлекеттік бақылаудың жаңа тәсілдерін әзірлеген.
Бұл стандарт мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру-сауықтыру мекемелерінде сапалы, қауіпсіз тамақтануды қамтамасыз етуге бағытталған. Ол халықаралық талаптарға сай әзірленіп, балалардың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, соңғы үш жыл ішінде елімізде оқушыларды тегін тамақпен қамту бастамасы іске асырылып келеді. Алайда Маңғыстау облысында тіркелген улану жағдайлары алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған байланысты жаңа стандартты тиімді енгізу, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және санитариялық талаптарды қатаң сақтау - басты басымдықтардың бірі. Бұл бағытта бракераждық комиссиялар мен ведомствоаралық топтардың жұмысын күшейту қажет, – деді Ақмарал Әлназарова.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тиісті басқарма басшыларына мектеп асханаларында халықтық бақылау тетігін енгізуді тапсырды.
- Балалардың мектептегі сапалы тамақтануы - аса жауапты іс. Мектеп асханаларында санитариялық талаптардың бұзылғаны - ата-аналар мен бүкіл қоғамды алаңдататын жағдай. Сондықтан жауапты басқарма басшылары нақты әрі шұғыл шараларды қабылдаңыздар. Білім беру ұйымдарында халықтық бақылауды енгізу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түспейді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, қазіргі таңда Маңғыстау облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2024 жылдың наурыз айынан бері 18 жасқа дейінгі балалардың қызылша, қызамық және паротитке (КПК) қарсы вакцинациялау көрсеткіші 83,9%-ды құрап отыр.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі