Маңғыстаудың дарынды жастары ел түлектеріне үндеу тастады

Маңғыстаудың дарынды жастары ел түлектеріне үндеу тастады

4 маусым күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай халықаралық білім додаларында жоғары нәтиже көрсеткен мектеп оқушыларымен кездесті. Еркін форматта өткен жүздесуде жас зияткерлер өз жетістіктері мен болашаққа деген көзқарастарын ортаға салды.

Кездесу барысында оқушылар ғылымға қосар үлестері, кәсіби бағдар мен заманауи технология саласындағы мүмкіндіктер жайында ой қозғады. Сонымен қатар, олар мектеп бітірушілер арасында кең таралған қымбат көлік жалдап, кортеж ұйымдастыру секілді әрекеттерге қатысты пікірлерін білдірді.

- Биыл Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы атанды. Осы орайда, өңірімізде ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттауымыз керек. Соңғы жылдары мектеп бітіруші түлектер арасында көлік жалдып, кортеж жасау сәнге айналып кетті. Бұл – дұрыс үрдіс емес. Әлеуметтік желінің жастарға ықпалы зор. Барлығымыз сол алаңда өзімізді көрсетуге ұмтыламыз. “Жасымда ғылым бар деп ескермедім” – деп Абай атамыз айтқандай қазіргі буын жастық шақтың маңызын жете түсіне бермейді. Біз біліммен, ғылыммен бәсекеге түсуіміз керек. Осы орайда еліміздің барлық жастарына хайп қумай, білім қуайық деген үндеу тастағым келеді, – деді Жанар Нұрнияз.

Білім-инновация лицей-интернатының 10-сынып оқушысы, халықаралық олимпиадада «Әлемнің үздік химия практигі» атанған Меңдіғали Қалдыбай облыс басшылығына мектебінде химиялық зертхана ашу жөнінде ұсыныс білдірді.

Жас дарындар мұнай-газ саласымен шектеліп қалмай, өңірде IT, робототехника, жасанды интеллект және ғылыми зерттеу бағыттарын дамыту қажеттігін ерекше атап өтті.

Аймақ басшысы оқушылардың білімге деген құлшынысын жоғары бағалап, олардың пікірлеріне зор мән берді. Ол Мемлекет басшысының сапалы білім мен ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтып, жас буынға үлкен үміт артатынын жеткізді.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде балалардың терең білім алуына, ғылыми жұмыстарды дамытуға аса мән беруде. Сіздер – елдің болашағысыздар. Білімдеріңізді үнемі шыңдай беріңіздер. Бәсекеге қабілетті, жан-жақты, білімді әрі спортпен айналысатын тұлға болуларыңыз қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесу соңында халықаралық жарыстарда озып шыққан оқушыларға облыс әкімінің алғыс хаты мен қаржылай сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, биыл Маңғыстау облысы бойынша 200-ден астам оқушы республикалық және халықаралық білім сайыстарында жеңімпаз атанды. Олардың 20-сы – халықаралық деңгейдегі жүлдегерлер.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі