Металл өңдеу саласы қарқын алуда: Ақтауда жаңа зауыттың іргетасы қаланды

Металл өңдеу саласы қарқын алуда: Ақтауда жаңа зауыттың іргетасы қаланды

Бүгін, 2 маусым күні Ақтауда елімізде тұңғыш рет салынатын үлкен диаметрлі болат құбыр өндіретін зауыттың қазығы қағылды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысып, жобаға сәттілік тіледі.

Каспий құбыр зауыты – диаметрі 1420 мм-ге дейінгі болат тік жікті құбырларды толық өндірістік циклмен шығаратын кәсіпорын болмақ. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 150 мың тоннаны құрайды.

Аталған зауыт іске қосылғаннан кейін еліміздегі мұнай-газ, энергетика, құрылыс және коммуналдық секторларға қажетті құбырлар отандық өнім есебінен қамтамасыз етіледі.

Өндіріс орнында 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев өз сөзінде бұл жобаның өңір үшін маңыздылығына тоқталып, жаңа өндірістің табысты іске асуына тілектестік білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде экспортты ұлғайту және импортты алмастыру бойынша нақты міндеттер жүктеген болатын. Бүгін бастау алған зауыт – сол тапсырмалардың нақты орындалуының көрінісі. Бұл – импортты алмастырып қана қоймай, құбыр өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге, сондай-ақ логистика, машина жасау және металлургия секілді салалардың дамуына серпін бермек. Облыс әкімдігі мұндай маңызды бастамаларға әрдайым қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, бұл игі істі бастаған барша азаматтарға өңір басшысы Нұрдәулет Игілікұлының атынан алғысымды білдіремін. Жаңа өндіріс орнының құрылыс жұмыстарына сәттілік, – деді Аббат Өрісбаев.

Айта кетейік, жаңа зауыт «Сталь Трейд» компаниясының бастамасымен жүзеге асуда. 2004 жылы құрылған бұл компания бүгінде Қазақстандағы болат құбыр өнімдерін өндіру және жеткізу бойынша жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Қазіргі таңда компанияның Астана, Алматы, Ақтау, Павлодар, Шымкент, Өскемен және Ташкент қалаларында сауда филиалдары жұмыс істейді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі