2024 жылы 3 шілдеде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейнежолдама арқылы Қытай–Еуропа бағытындағы Транскаспий көлік дәлізінің ашылу салтанатына қатысып, Еуразия құрлығының көлік-коммуникациялық байланысын нығайтуға серпін берген болатын. Осыған орай, бүгін Ақтау қаласында Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға бағытталған бірқатар ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы, «НРР» АҚ басқарма төрағасы Чжан Цзинью, «Құрық порты» ЖШС бас директоры Серік Ахметов, сондай-ақ «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ бас директоры Меруерт Жолдыбаева қатысты.
–Бүгінгі кездесу – Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары үшін аймақтық логистикалық хабтардың әлеуетін арттыруға, сондай-ақ Азия мен Еуропа арасындағы ірі сауда дәлізінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Бұл – тарихи сәт. «Құрық» және «Ақтау» порттары арқылы логистикалық әлеуетімізді толық жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда порттар мен әуежай инфрақұрылымын кеңейту бойынша жұмыстар басталып кетті, – деді облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы.
Сондай-ақ, «НРР» АҚ басқарма төрағасы Чжан Цзинью бүгінгі ынтымақтастық екі ел арасындағы көлік-логистикалық бағыттар бойынша өзара мүмкіндіктерді арттыратынын атап өтті.
–Маңғыстау жерінде ауқымды келісімге қол қойылып отыр. Бұл – Қазақстан мен Қытай арасындағы логистикалық байланысты тереңдететін маңызды бастама. Қол қойылған меморандумдар екі ел кәсіпорындарының өзара тиімді ынтымақтастық бағытын ұстанып келе жатқанын көрсетеді. Ұзақ мерзімді перспективада «Орта дәліз» инфрақұрылымы біртіндеп дамып, Еуразия құрлығының негізгі логистикалық артериясына айналары сөзсіз. Бұл аймақтық сауданы жеңілдетіп, әлеуметтік-экономикалық өсімге тың серпін береді, – деді Чжан Цзинью.