Жиын барысында қонақтар халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына және секциялық, пленарлық отырыстарға қатысып, Адай ата кесенесіне экскурсия жасады. Шара барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың құттықтауын жеткізіп, конференцияны ашып берді.
-Конференцияда талқыланып отырған тақырып түбі бір түркі елдері үшін маңызды. Көкбөрі - түркілердің арғы тегі, қорғаушысы, жол көрсетушісі ретінде тарихи жадымызға, санамызға сіңген ақиқатқа бергісіз анық. Тұранға ортақ үнсіз ұранымыз. Көкбөрі - Түркілердің рухани әлеміндегі еркіндіктің, батырлықтың, даналық пен ұлт бірлігінің символына айналғаны соншалық, мінез бен ақыл - айла және әрекетті бейнелейтін тұрақты сөз тіркестеріне де еніп кеткен, халықтың ереже секілді ұлттың жадына қалыптасып қалған, - деді Тілеген Әбішев.
Сондай-ақ, ашық аспан астындағы ақшаңқан үйлер қалашығында этнографиялық көріністерді тамашалады. Сүбелі ойлар мен пайымдар ортақ талқыға түсіп, тарихи-рухани маңызы зор басқосу өз мәресіне жетті.
-Мұндай іс-шараның өтуі түркі әлемінің мәдени және рухани мұрасын сақтау мен дамытуға, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосатыны сөзсіз. «Ақтау –Түркі әлемінің мәдени астанасы - 2025» аясында өлкемізде көптеген ауқымды мәдени-рухани іс-шаралар өтті. Ұлы дала төсінде ұлы түрік өркениетінің іздері сайрап жатыр. Бүгінгі жиында біршама тарихи деректер талқыланды. Көкбөрі символының түркілік және әлем философиясындағы орны бөлек. Бүгін міне көкбөрі тотемі - түркі халықтарының ортақ символы атанды десек болады, - деді ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешені идеясының авторы Сабыр Адай.