Бүгін, 25 мамырда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Оғыландыдағы Бекет Ата жер асты мешітінің қазіргі жай-күйі мен оны дамыту жолдарына арналған кеңес өтті. Жиын әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
Басқосуға өңір ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, Бекет Ата ұрпақтары мен қоғам белсенділері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар Бекет Ата кесенесінің маңын дамыту, оның тарихи-мәдени маңызын сақтау және келешек ұрпаққа аманат ету мәселелерін кеңінен талқылады. Ашық пікірталас алаңына айналған жиында түрлі көзқарастар ортаға салынып, қатысушылардың толық ойлары тыңдалды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл басқосудың мақсаты тарихи нысанды заңға сай, өркениет талаптарына сәйкес дамытуды екенін атап өтті.
- Зияратты туризммен шатастыруға болмайды деген пікірге қатысты айтарым — бүгінгі өркениетті әлемде зиярат — туризмнің бір саласы ретінде танылып отыр. Бұл бағыт көптеген елдердің экономикасына оң ықпал етіп, халықтың игілігіне жұмыс істеуде. Ендігі мақсатымыз - тарихи нысанды заңға сай түрде сақтап, өркениет талаптарына сәйкес дамытуды қолға алу, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кеңес қорытындысында қатысушылар ортақ іске жұмылып, Бекет Ата мешітін сақтау мен дамытуға бірігіп атсалысу жөнінде келісімге келді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі