Бүгін, 23 мамырда аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің мектеп бітірушілеріне арналған салтанатты шараға қатысты. Жиында аймақ басшысы түлектер мен ұстаздарды, ата-аналарды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
- Құрметті оқушылар, ұстаздар, ата-аналар! Ақшұқыр мектеп-лицейі тек Ақшұқырдың емес, Түпқараған ауданының емес барша Маңғыстаудың мақтанышы. Бұл білім ордасы нағыз көшбасшылардың, білім мен тәртіптің шеберханасы. Республикалық «Үздік орта білім беру ұйымы» «Үздік ауыл мектебі», «Үздік мектеп-лицей» секілді бірнеше мәртебелі атақтарға ие болуы – білімге құштар оқушылар мен талапты ұстаздардың ортақ еңбегінің жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев орта білім сапасын көтеруге үнемі көңіл бөліп келеді. Президенттің тапсырмасымен елімізде әлемдік деңгейде сапалы білім беру қызметін жақсарту үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Мерекелік жиын барысында аймақ басшысы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің республика бойынша «Үздік мектеп – 2025» марапатын Ақшұқыр мектеп-лицейіне табыстады.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Ақшұқыр мектеп-лицейінің ұстазы Қаламқас Тлеубаева облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай ақ, «Алтын белгі» атағына үміткер Аманқос Бекжан Республикалық «Үздік ауыл мектебінің оқушысы – 2025» номинациясымен марапатталды.
Айта кетсек, биыл облыстағы 207 мектепте он мыңға жуық оқушы алтын ұя мектебімен қоштасты. Оның ішінде 250 түлек – «Алтын белгіге», 562-сі «Үздік аттестатқа» үміткер.
Оқушылар халықаралық, республикалық пән олимпиадасы мен ғылыми жобалар жарысында жақсы нәтижелер көрсетті.
907 оқушы халықаралық және республикалық байқауларға қатысып, 291 жүлде жеңіп алды – 2 бас жүлде, 57 алтын, 100 күміс, 132 қола медаль алды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі